ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында ересектердің қарауынсыз қалған 7 жасар бала суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қайғылы оқиға 20 тамыз күні Алтайка кентіндегі Бұқтырма су қоймасында болған.
«Жабдықталмаған су айдынында шомылып жүрген 7 жасар бала ересектердің қарауынсыз қалып, суға батып кетті. Құтқарушылар оның денесін 21 тамызда 2,5-3 метр тереңдіктен тапты», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте, ТЖД мамандары өңір жұртшылығына су айдындарында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.