ШҚО-да 75 лудоман құмар ойын ойнауға өз-өзіне шектеу қойды

Фото: Pexels

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында 75 лудоман онлайн құмар ойын ойнауға өз еркімен шектеу қойды.

Өңір бойынша 98 балаға алимент бойынша 84 млн теңге қарызы бар 75 ер адам құмар ойындар ойнаған. Соңғы 3 жылда олар букмекерлік кеңселерде 100 млн теңге құртқан.

Мәселен, Өскеменде тұратын азаматтың 1,5 млн теңге алимент қарызы бар. Соған қарамастан онлайн букмекерлік кеңседе 7 млн теңгеге бәс тігіп, ұтылып қалған.

«Прокуратура қызметкерлері борышкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізген соң, 75 лудоман E-Gov мобильді қосымшасы арқылы өзіне құмар ойын ойнауға тыйым салды. Сонымен қатар алимент төлемей жүргендердің құмар ойын ойнауының жолын кесуді одан әрі жалғастыру үшін ҚР туризм және спорт министрлігінің туризм индустриясы комитетіне облыс аумағында жұмыс істейтін букмекерлік кеңселерді анықтау туралы хат жолданды. Құмар ойынға бәс тігетін адамдар туралы деректер де алимент төлеуден жалтарудың дәлелі болады», - деп хабарлады ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен.