ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, сценарий бойынша күннің күрт суытуына байланысты мұз қатып, қайықтағы балықшылар жағаға жете алмай қалған. Жол апатынан мұзға құлап су астына кетіп бара жатқан көлік те құтқарылуы тиіс болды. Сондай-ақ электр желілерінде ауқымды авария болған.
«Апат салдарынан электр энергиясыз қалған 32 мыңнан астам абонент авариялық-техникалық жедел әрекет ету бригадасының көмегімен қайтадан жарық көзіне қосылды. Су құбыры және кәріз желілері тобы ең ірі аудандардың бірінің құбырындағы жарылысты қалпына келтірді. Ал суға батып бара жатқан балықшыларға МИ-171 тікұшағы көмекке жіберілді», - делінген ақпаратта.
Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері барлық зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетті. Оқу-жаттығуды Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков басқарды.
Айта кетейік, оқу-жаттығуға барлығы жеке құрамнан 8 мыңнан астам адам мен 2,5 мыңнан астам техника жұмылдырылды.