ШҚО-да 80-ге жуық ата-ана жаңа туған сәбиіне екпе салдырудан бас тартқан

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында бір жылда 78 ата-ана жаңа туған сәбиіне туберкулезге қарсы вакцина салдырудан бас тартқан.

Фото: Азертадж

Облыс бойынша былтыр 7 191 нәресте БЦЖ вакцинасын салдырды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина мәлім етті.

- Балалар арасында туберкулездің алдын алудағы ең тиімді шаралардың бірі - жаңа туған нәрестелерді перзентханада иммундау. 2025 жылы облыста 7 362 сәби дүниеге келген. Олардың 97,7%-ы БЦЖ екпесін алды. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда тұрақты көрсеткіш, - деді ол.

Дегенмен 171 нәресте перзентханада БЦЖ вакцинасын алмаған. Соның ішінде 68 балаға уақытша медициналық қарсы көрсетілімдер себеп болса, 78 жағдайда ата-аналар екпеден өз еркімен бас тартқан. Ал 25 сәби өзге себепке байланысты вакцина алмады.

Дәрігерлердің айтуынша, БЦЖ вакцинасы балаларды туберкулездің ауыр және асқынған түрлерінен қорғайды. Статистика бойынша, екпе алған балалар арасында ауру әлдеқайда сирек тіркеледі және асқыну қаупі төмен болады.

Еске салсақ, осыған дейін Астанада қызылшаға қарсы вакцина алмаған балалар жоспарлы түрде ауруханаға жатқызылмайтындығы хабарланған.