ШҚО-да 82 жастағы зейнеткерді тонап кеткен ер адам ұсталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында 82 жастағы зейнеткерді тонап кеткен ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қазан айының соңында Риддер қаласының полиция бөліміне хабарласқан зейнеткер белгісіз біреудің өзіне күш қолданып, ақшасын тартып алғанын айтты. Оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобы аттанған. Жедел әрекет еткен тәртіп сақшылары күдікті ретінде 33 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.

«Тергеу барысында анықталғандай, ер адам банк бөлімшелерінің бірінде ақша шешіп алған зейнеткерді байқап қалған. Сол кезде жымысқы ой келген ол қарт кісінің соңына түсіп, үйіне дейін аңдып барады. Жәбірленушінің өзіне еш қарсылық көрсете алмайтынын білген риддерлік үйдің ауласына кіреді. Зейнеткерге күш қолданып, 65 мың теңгесін тартып алады да оқиға орнынан бой тасалайды», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.