ШҚО-да 9 адам бруцеллезбен ауырды
21:56, 21 Сәуір 2023
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 10-ға жуық адам бруцеллезбен ауырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірде бруцеллез тек малдан емес, адамнан да анықталып жатыр.
Бұл туралы ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қанат Тұрдиев айтып берді.
«Жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда 9 адам бруцеллезбен ауырды. Жалпы өңір бойынша дерттің күрт өршуі байқалып отырған жоқ. Қала тұрғындары үшін ауру рұқсат етілмеген жерлерден сатып алынған өнімдерден жұқса, ауыл халқы үшін ауру малдан тарайды», - дейді ол.
Осы ретте Қанат Тұрдиев өңір жұртшылығына тек сапалы өнімдерді тұтынуға, малдан дертті уақтылы анықтау мақсатында жоспарлы түрде диагностикалық зерттеу жүргізуге шақырды.
Бруцеллез адамнан адамға жұқпайды, тек малдан жұғады.