ШҚО Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша жаз кезінде тіл, спорт, туристік, өлкетану және іскерлік лагерьлер жұмыс істейді. Жалпы саны 93 мыңнан астам бала лагерьге бармақ.
«Лагерьлер ішінде 19-ы қала сыртында, 195-і мектеп жанында және 204-і мамандандырылған мекеме. Онда балалар мен жасөспірімдер клубтары жұмыс істеп, білім беру, ойын-сауық, шеберлік сыныптары және басқа да шаралар өткізіледі», - делінген ақпаратта.
Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары түгелдей тегін жазғы демалыспен қамтылады.
«Сондай-ақ биыл алғаш рет «Қонақжай отбасы» атты пилоттық жоба қолға алынып отыр. Соның аясында балалар ауылға барып, тілдік ортаға енеді. Ол үшін Катонқарағай ауданындағы Катонқарағай, Өрел және Берел ауылдары таңдап алынған», - делінген хабарламада.