ШҚО-да адам сүйегі табылды, бірақ қол-аяғы байланған қыз туралы ақпарат жалған болып шықты

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы Быструха ауылының маңынан адам сүйегі табылғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарап кетті. Желі қолданушылары өзеннен қол-аяғы байланған жас әйелдің мәйіті табылғанын жазған. Алайда облыстық полиция департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Ведомство мәліметінше, елді мекен маңынан адам сүйегінің табылғаны рас. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Алайда оқиға орнындағы нақты жағдай әлеуметтік желілерде тараған ақпараттан мүлде өзгеше.

— Сарапшылардың алдын ала қорытындысына сәйкес, табылған қаңқа сүйектері қыз балаға емес, ер адамға тиесілі. Қазіргі уақытта криминалистер мен тергеушілер марқұмның кім екенін және өлімінің нақты себебін анықтау үшін қажетті сараптамаларды жүргізіп жатыр. Оның қолы мен аяғы байланғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, — деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Тергеудің өзге де мән-жайлары ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес әзірге жария етілмейді.

Полицейлер тұрғындарды тек ресми ақпаратқа сенуге және халық арасында негізсіз алаң туғызуы мүмкін тексерілмеген мәліметтерді таратпауға үндеді.

Еске салайық, осыған дейін Петропавлда сүйектердің шығып жатқанына қарамастан, ескі зираттың үстінде құрылыс жүріп жатқанын жазған едік.