ШҚО-да адамдардың бруцеллез жұқтыруы 1,6 есеге артты
Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының арасында бруцеллез жұқтырғандар саны артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан өңір жұртшылығының арасында бруцеллез жұқтырғандар саны 25-ке жетті. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есе артқан.
«Аурудың таралуы облыстың 7 қала, ауданында анықталды. Атап айтқанда, Зайсан ауданында – 8 Тарбағатай ауданында және Өскемен қаласында – 5, Күршім ауданында – 3, Ұлан ауданында – 2 және Риддер қаласы мен Глубокое ауданында – 1 жағдай. Сондай-ақ 14 жасқа дейінгі балалар арасында бруцеллезбен сырқаттанудың 4 дерегі тіркелді. Ал жасөспірімдер арасында ауру жұқтырғандар жоқ. Белгілі болғандай, індеттің таралуына ауыл шаруашылығы жануарлары себеп болды», – дейді басқарма басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина.
Сонымен қатар биыл Өскемен тұрғыны күйдіргі (сібір жарасы) жұқтырды деген күдік болды. Бірден эпидемияға қарсы шаралар қолға алынды. Сынама нәтижелері теріс шығып, күдік алынды.
«Облыс емханаларына жәндіктердің шағуынан, жануарлардың тырнауынан және тістеуінен зардап шеккен 1418 адам жүгінді. Барлық пациенттерге антирабиялық егу курсы тағайындалды. Тек 3 адам ғана иммундаудан бас тартты», – дейді С.Слямғазина.