Ақпан айында Өскемен қаласында бір ауланы, Зайсан қаласында 3 көшені су алды. Катонқарағай және Күршім аудандарында еріген қар суы ауылға жеткізілмей, арнасы бұрылды. Зардап шеккен ешкім жоқ. Халыққа материалдық шығын келтірілмеді.
«Өңірде су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары алдын ала жүргізілген. Қауіпті учаскелер анықталып, өзен арналарын, каналдарды тазарту, бөгеттерді күшейту, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу, су өткізу құбырларын ауыстыру жұмыстары атқарылды. Бірақ температураның күрт өзгеруіне байланысты су тасқыны өткен жылы желтоқсан айында Риддер қаласында тіркелді. ЛК ГЭС-те қар мен мұздың үлкен массасы пайда болып, артық суды түсіру әдеттегі 6-12 күн орнына, 34 күнге созылған. Соның салдарынан 36 саяжайды су басты. Келген шығын ЛК ГЭС компаниясы есебінен өтеледі», - дейді ШҚО әкімінің баспасөз хатшысы Елжан Қайырханов.
Оның айтуынша, облыста су тасқыны қаупіне қарсы әрекет ету бойынша арнайы оқу-жаттығулар өткізілді. Су тасқыны жағдайы үнемі бақылауда.