ШҚО-да алаяққа 20 млн теңгесін берген ер адам алданып қалды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында спорттық жабдықтар алмақ болған ер адам алаяққа 20 млн теңге берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Өскемен қаласының тұрғынын алдап соққан алаяқ, 20 млн теңге пайда көрген.

«Үлбі полиция бөлімінің «102» жедел арнасына ЖШС директоры жүгінген. Оның айтуынша, өзін әңгімеге тартқан бейтаныс ер адам спорттық құрал-жабдықтарды сататындығын айтты. Бұған сенген кәсіпкер сұраған ақшасын бере салған. Алайда содан кейін алаяқ хабар-ошарсыз кетті», - делінген ақпаратта.

Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полиция қызметкерлері 25 жастағы қала тұрғынын ұстады. Күдікті өз кінәсін мойындап отыр.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігіне (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.