ШҚО-да алдағы үш жылда 33 мектеп бой көтереді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында алдағы үш жылда 33 мектеп салынбақ. Бұл жайлы бүгін Өскемен қаласының тұрғындарымен кездескен өңір басшысы Даниал Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білім ордаларындағы орын тапшылығын азайту мақсатында алдағы үш жылда қаланың солжағалау бөлігінде 4330 орындық 6 мектеп салынады. Жалпы облыс бойынша 33 мектеп бой көтереді. Биыл білім беру мекемелерін жөндеуге 1,7 млрд теңге бөлінген», - деді аймақ басшысы.

Кездесу барысында баяндама жасаған қала әкімі Жақсылық Омардың айтуынша, шаһарда орта арнаулы білім алатын жастардың тұруына жағдай жасау мақсатында құрылыс колледжі мен көпбейінді технологиялық колледждің екі жатақханасының құрылысы аяқталады.

«Мектепке дейінгі балалар ұйымдарына кезекті азайту үшін Сәтбаев даңғылында 150 орындық «Ақбота» балабақшасы ашылады. Сондай-ақ Протозанов көшесі 37а және Космическая көшесі 6/3 мекенжайларында орналасқан ғимараттар коммуналдық меншікке қайтарылып, балабақша ретінде қайта жаңғыртылады», - деді ол.