ШҚО-да алтын қазам деп табиғатты ластағандарға 2,5 млн теңге айыппұл салынды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында алтын қазу барысында табиғатқа залал келтірген компанияға айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Самар ауылының тұрғындары Құлынжон өзенінің маңында алтын қазып жатқан компанияға шағымданған.

Олардың айтуынша, қазба жұмыстарының салдарынан өзен ластанып, жер бұзылды.

Соған байланысты департамент мамандары «Каскад-Н» ЖШС-ға қатысты жоспардан тыс экологиялық тексеру жүргізген.

«Ауылдан 18 шақырым қашықтықта орналасқан «Құлынжон» учаскесін тексеру барысында аталған компанияның «SOK’s GOLD» ЖШС мердігерлік ұйымы қызметін пайдаланғаны анықталды. Жер қойнауын пайдалану салдарынан жердің тозғаны белгілі болды. «SOK’s GOLD» ЖШС-ға қатысты 2 511 660 теңге сомасына әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды», - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ «Каскад-Н» ЖШС-да қазба жұмысын жүргізуге мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болмаған.

Осылайша, ЖШС іс-әрекетінде ӘҚБтК-нің 332-бабы 1-бөлігіне сәйкес 50 АЕК (153 150 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

Тексеру қорытындысы бойынша компанияға ремедиация жүргізу туралы ұйғарым берілді.

Соның шеңберінде бұзылған жер қалпына келтіріледі.