ШҚО-да «Алып Алтай» атты халықаралық фестиваль өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тамыз айының 12-19 жұлдызы аралығында Шығыс Қазақстан облысында «Алып Алтай. Great Altai. Қазақстан - 2017» туристік-спорттық фестивалі өтеді. Сайысқа Қазақстан, Ресей, Қытай мен Моңғолияның спортшылары қатысады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Аталған шара Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, «Алтай - біздің ортақ үйіміз» халықаралық үйлестіру кеңесі хатшылығы мен РФ Алтай аймағының балалар және жастар қауымдастығының қолдауымен өткізіліп отыр.

Фестивальдің бағдарламасы бойынша шараның ашылу салтанаты 12 тамызда Өскеменде басталып, 13 тамызда Катонқарағай ауданының Көктерек ауылының және 14-16 тамыз аралығында Жаңаүлгі ауылының маңында жартасқа өрмелеу, парапланеризм, жаяу жүру, тауға шығу, суда жүзу, велотуризм, рафтинг, альпинизм, жартасқа өрмелеу, балық аулау, мамандандырылған авто-мото ралли және ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар өткізіледі. Балық аулау, суда жүзу сынды табиғи спорт түрлерінен сайыстар Бұқтырманың жағасында өтеді.

Биылғы жылы фестивальді ұйымдастырып отырған Қазақстан тарапы бағдарламаға Қазақша күрес, Бұқаша тартыс мен қол күресін енгізген.

«Алып Алтай. Great Altai. Қазақстан - 2017» фестивалі - әр елдің спортшыларының қатысуымен өтетін, табиғат аясындағы бірнеше спорт түрін біріктірген бұқаралық, туристік әрі спорттық шара. Аталған фестивальді жыл сайын төрт ел: Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Қытай мемлекеттері кезек-кезек өткізуді ізгі дәстүрге айналдырған. Фестиваль ШЫҰ-ның шаралар жоспарына еніп, «Алтай - біздің ортақ үйіміз» ұранымен өткізілмек.