ШҚО-да «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 1000-нан астам отбасы кезекте тұр

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 1000-нан астам отбасы кезекте тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске асып жатыр. Былтыр Шығыс Қазақстан облысында аталған бағдарлама аясында 488 әйелге экстракорпоральді ұрықтандыруға квота бөлінген.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы ЭКҰ рәсімі тегін жүргізіледі. Квота алғысы келетіндер міндетті түрде сақтандырылған болуы тиіс. Өңірде бұл бағдарлама нәтижесінде алғашқы нәресте 2022 жылдың қаңтар айында дүниеге келген. Биыл квота алу үшін кезекте 1000-нан астам отбасы тұр», - делінген ақпаратта.

Еске салсақ, өткен жылы Қазақстанда «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 6,5 әйелге көмек көрсетілді. Нәтижесінде 2650 отбасында 3110 сәби дүние есігін ашқан.