Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Нығмет Жақыпбаев осылай мәлім етті.
Комитет төрағасының айтуынша, бүгінгі таңда Америка, Канада, Австралия мен Еуропа елдерінен 17 мыңнан астам асыл тұқымды мал басы әкелінді. Бұл ретте шаруашылық субъектілеріне әкелінген ірі қара карантиннен толық өтті.
«Олардан аса қауіпті ауру белгілері табылған жоқ», - дейді Н. Жақыпбаев.
Оның айтуынша, мемлекет тарапынан осы бағыттағы бизнесті қолдау жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. «Әрине, шетелден әкелінетін асыл тұқымды малға қатысты әңгімелер көп. Дегенмен, Шығыс Қазақстан облысындағы аусыл ауруының шығуына байланысты жаңсақ ақпараттар таратылғанын еске салғым келеді. Мәселен, кейбір БАҚ жариялағандай аусыл дерті Қытайдан әкелінген асыл тұқымды малдан тараған жоқ. Оның нақты таралу ошағы шекара маңындағы Қытайдан келгені анық. Алайда ол жабайы аң-құс немесе адамдар арқылы бергі жаққа жұққан болуы керек», - дейді Н. Жақыпбаев.
Бұдан бөлек, Комитет төрағасы бүгінгі таңда қазақстандық ветеринарлық сертификаттар мәселесіне тоқталып өтті. Оның айтуынша, қазіргі күні сертификаттар Польша, Литва, Канада, Венгрия, Чехия, АҚШ, ГФР, Голландия елдерімен келісілген, соған қоса Қытай және Ливан, Европа одағының басқа елдерімен келісу жұмыстары жалғасып жатыр.