Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ШҚО сарапшылары университеттер мен басқармалардан түскен 154 ұсынысқа талдау жасады. Олар оның ішінен тарихи-мәдени, өлкетану, туристік, ақпараттық бағыттағы 37 әлеуетті жобаны таңдап алды.
Өңірлік рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру аясында Шығыс Қазақстанда «Үлкен Алтай» музейін ашу, мәдени мұра нысандарының Қызыл кітабын шығару және табиғи, тарихи және басқа да елең еткізетін жайттар бейнеленген атлас жасау жоспарлануда.
«Бұл - жақсы идея. Қызыл кітапта өңірдегі мәдени мұра нысандары туралы толыққанды ғылыми ақпараттар жинақталатын болады. Және ол туристік маршрутқа тек бірегей орындарды енгізуге жол ашып қана қоймай, сондай-ақ ашық аспан астында ерекше музей ашуға мүмкіндік береді», - деді Д. Ахметов.