Спартакиаданың үшінші күні волейболдан аудандар мен қалалар арасында жеңімпаздар анықталды. Айта кетейік, спартакиадада аудан әкімдері де ерекше белсенділік танытуда.
«Бұл жарысқа қатысуды үрдіске айналдырдық. Өткен спартакиадада біздің аудан волейболдан жеңімпаз атанды. Биыл да командамыз жақсы дайындықпен келді. Бұдан бөлек, біздің мемлекеттік қызметшілер суға жүзу, бильярд, үстел теннисі, шағын футбол, шаңғымен жүгіру бойынша сынға түсетін болады», - деді Күршім ауданының әкімі Сейсенғазы Чукаев.
Тартысты өткен волейбол бәсекесінде қалалар арасында Семей қаласы топ жарды, Риддерден келген спортшылар 2-орынға ие болса, Зырян қаласының спортшылары 3-орынға табан тіреді.
Ал аудандар арасында Күршім ауданының құрамасы 1-орынға лайықталса, Абай ауданы жүлделі 2-орынды еншіледі, Зайсан ауданының спортшыларына үшінші орын бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов марапаттады. Естеріңізге сала кетейік, аталмыш спорттық шараға барлығы 48 команда 1600-ден астам адам қатысуда.