Көпірдің жай-күйі туралы мәселені ауыл тұрғындары облыс басшылығымен кездесуде көтерді. Олар көпірдің қазіргі көлік жүктемесіне қаншалықты төтеп бере алатынына және қауіпсіздігіне көз жеткізгісі келеді.
Халықты өзеннің жағдайы да алаңдатады. Су жағалаудың бір бөлігін шайып жатыр. Күршімдіктер уақыт өте келе өзен арнасы өзгеріп, көпірге жақындауы мүмкін деп қауіптенеді.
- Бұл жерде көлік үздіксіз қатынап жатыр, көпірге түсетін жүктеме де жоғары. Сонымен қатар өзен суы жағалауды шайып жатыр. Мұның да көпір конструкциясына қауіп төндіруі мүмкін екенін ескеріп, мамандардың нысанды тексеріп, оның қазіргі қауіпсіздік деңгейіне баға беруін сұраймыз, - деді күршімдіктер.
Енді нысанды арнайы мамандар тексеретін болады. Сарапшылар көпір конструкцияларының техникалық жағдайын қарап, көлік жүктемесін және жағалаудың шайылу деңгейін бағалауы тиіс.
- Тиісті мамандарды жібереміз. Көпірдің өзін тексеріп, техникалық жағдайын, оған түсетін жүктемені және жағалаудың шайылу жағдайын бағалау қажет. Тексеру нәтижесін алғаннан кейін қандай шаралар қабылдау керектігі белгілі болады, - деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Еске салсақ, осыған дейін Атыраудағы Орталық көпірдің цифрлық көшірмесі әзірленетіндігі хабарланған.