ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында аударылып қалған жүк көлігінің жүргізушісіне көмек көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 14 қаңтарда түнгі сағат 02.00-де Ұлан ауданы Айыртау ауылында болған. Жүк көлігі аударылып, жүргізуші сыртқа шыға алмай қалды.
«Оқиға орнына келіп жеткен құтқарушылар «Мерседес» маркалы жүк көлігінен ер адамды шығара алмай жатқан полиция қызметкерлеріне көмек көрсетті. Ер адам аман-есен шығарылған. Содан кейін қысқа тұйықталуды болдырмау үшін аккумулятор өшірілді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Жедел жәрдем дәрігерлері 1990 жылғы азаматты ауыр жағдайда ауруханаға жеткізді.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.