ШҚО-да ауыр жүк көліктері республикалық жолды бұзып жатыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының тұрғындары ауыр жүк көліктерінің асфальт жолды бұзып жатқанын айтып шағымданды.
Жергілікті тұрғындарының айтуынша, республикалық маңызы бар Өскемен-Алтай-Катонқарағай-Рахман қайнарлары тасжолының жағдайы жақсы болған. Алайда Катонқарағайдағы жаңа әуежайдың құрылысына материал тасыған ауыр жүк көліктері жолды бұзып жатыр.
- 20 күннің ішінде жол әбден бүлінді. Бұрын бұл жол оқтаудай түзу еді. Ал қазір 40 тонналық самосвалдар жолымызды қиратып барады, - дейді халық.
Шығыс Қазақстан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов жағдайдың бақылауға алынғанын мәлім етті.
- Біз бұл мәселеден хабардармыз. Бірақ Президенттің әуежай салуға қатысты тапсырмасы орындалуы керек. Әуежай құрылысы – стратегиялық маңызды жоба. Жүк көліктері үшін қосымша жол салу мүмкін емес. Бұзылған учаскелер туристік маусым басталғанға дейін толық қалпына келтіріледі, - дейді ол.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының облыстық филиалы Шығыс Қазақстанда 23 наурыздан бастап осьтік жүктемеге көктемгі шектеулер енгізілгенін, бұл жыл сайынғы шара екенін түсіндірді.
- Көктемде жол жамылғысы ерекше осал болады. Себебі еріген судың әсерінен асфальт астындағы топырақ беріктігін жоғалтады және кез келген артық жүктеме жабынның бұзылуына әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан бір оське рұқсат етілген жүктеме уақытша 10 тоннадан 8 тоннаға дейін төмендетілді. Алайда мердігер бұл шектеулерді сақтамаған. Енді ол жолды өз қаражатына қалпына келтіруге міндеттеледі, - дейді «ҚазАвтоЖол» ШҚО филиалының директоры Нұрбек Темірханов.
Еске салсақ, осыған дейін Катонқарағайдағы Топқайың ауылының халқы әлі күнге дейін өзеннен су тасып ішуге мәжбүр екендігі жайлы жазғанбыз.