ШҚО-да «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 100 жаңа жұмыс орны ашылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 100 жаңа жұмыс орны ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Глубокое ауданына барып, жергілікті жұртшылықпен кездесті.

- Ауданда «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша 6 жоба іске асырылып, 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Халықтың 95 пайызы сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген. Өткен жылы «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 6,5 мың шаршы метр тұрғын үй және көпбалалы отбасыларға арналған 30 үй пайдалануға берілді. Биыл тағы 30 үй салынады. Маған Прапорщиков және жоғарғы Березовка ауылдарының тұрғындары медициналық пункттің жоқтығы туралы айтты. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама дайындау және құрылыс мәселесі шешілді, - дейді облыс әкімі.

Оның айтуынша, алдағы уақытта Белоусовка ауылында 300 орындық жаңа мектеп ашылады.

- Түрік компаниясымен бірлесе заманауи қазандық салу жобасы біршама кешіктіріліп жатыр. Бұл мәселені міндетті түрде шешеміз. Өйткені өз тарапымыздан барлық міндеттемелерді орындадық, - деді Даниал Ахметов.