ШҚО-да ауыл тұрғындары туризм негіздерін оқып жатыр

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Катонқарай ауданында ауыл туризмі дамытылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде туризм саласын дамытудың басты бағыттары айқындалды.

«Өткен жылы облысқа 500 мың турист келді. Көрсетілген қызмет көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда бір жарым есеге артып, 3,4 млрд теңгені құрады. Қазіргі уақытта өңірде туризмді дамытудың ең перспективті бағыттары – Бұқтырма су қоймасы мен Катонқарағай ұлттық табиғи паркі болып отыр. Сондай-ақ шаңғы тебуге қолайлы Риддер қаласы мен Глубокое ауданы да туристердің қызығушылығын тудырады», - дейді басқарма басшысы Ернар Мұстафин.

Оның айтуынша, Катонқарағай ұлттық табиғи паркінде жалпы ұзындығы 680 шақырымды құрайтын 14 туристік маршрут бар. Ауданда ауыл туризмін дамыту жолға қойылған. Осы мақсатта Берел ауылының 24 тұрғыны кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды.

«Аудандағы 18 кәсіпкер «Еңбек» бағдарламасы бойынша грант алды. Бұл қаражатқа олар демалыс базаларына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа жиһаздар сатып алған. Маусым айында алғашқы туристерді де қабылдай бастады», - дейді Ернар Мұстафин.