Өңірде ауа температурасының күрт төмендеп кеткеніне бірнеше күн болды. Құтқарушылар мен полицейлер тұрғындарға алыс сапарға шықпауға кеңес беруде. Алайда бұған құлақ аспаған қоғамдық көлік жүргізушісі «Өскемен-Аягөз» бағытында жолға шығып кеткен. Осылайша, 5 қаңтарда сағат 19.30 шамасында «Алматы-Өскемен» тасжолының 778-шақырымында тәртіп сақшылары «Setra» маркалы көлікті тоқтатты.
«Автобус жүргізушісінің айтуынша, салонда 37 жолаушы болған. Олар облыстағы ЖШС-лардың бірінде вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар. Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін полиция қызметкерлері жолаушыларды эвакуациялап, Аягөздегі қонақүйлердің біріне орналастырды», - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.