ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары әкімшілік айыппұлдарды өндіру мақсатында «Борышкер» жедел алдын алу шарасын жүргізді.
Жеті күн ішінде полицейлер 4 млн теңгеден астам сомасында айыппұлдарды өндірген. Сондай-ақ мамандандырылған тұраққа 59 автокөлік жеткізілді.
«Мәселен, полиция қызметкерлері Өскемен қаласының 20 жастағы тұрғыны басқарған «Subaru» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Тексеру кезінде жүргізушінің «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенімен автоматты түрде тіркелген жалпы сомасы 120 675 теңгені құрайтын 10 төленбеген айыппұлы бар екені анықталды. Барлық бұзушылықтар ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабы бойынша (Жылдамдықты рұқсат етілген шектен асыру) жасалған», - деді Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркін Ануарбеков.
Қазіргі уақытта борышкердің көлігі айыппұлды толық өтегенге дейін мамандандырылған автотұраққа орналастырылған.