ШҚО-да айыппұлын төлемеген 76 жүргізушінің көлігі арнайы тұраққа қойылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында айыппұлын төлемеген 76 жүргізушінің көлігі арнайы тұраққа қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы барысында тәртіп сақшылары жол ережесін бұзып, айыппұлды төлемеген жүргізушілерді тоқтатуда.

2 күн ішінде 979 қаулы орындалып, 10 млн 159 мың теңге өндірілді. Әкімшілік айыппұлдарды төлемегені үшін 76 жүргізушінің автокөлігі мамандандырылған тұраққа қойылды.

«Мәселен, полиция қызметкерлері Өскемен қаласының 25 жастағы тұрғыны тізгіндеген «ВАЗ 21123» маркалы көлікті тоқтатты. Тексеру кезінде ер адамның «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенімен автоматты режимде тіркелген 10 төленбеген айыппұлы бар екені анықталды. Барлық бұзушылықтар ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабы (белгіленген қозғалыс жылдамдығын арттыру) бойынша жасалған. Осыған байланысты борышкердің көлігі айыппұлдарды толық өтегенге дейін мамандандырылған тұраққа қамалды», - делінген ақпаратта.