ШҚО-да азық-түлік бағасы бойынша бүгінгі ахуал қандай

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы бірнеше қала, ауданда азық-түлік бағасы қымбаттап кеткен. Халық негізінен көкөніс пен ет құны шарықтады деп шағымданып отыр. Kazinform тілшісі бұл мақалада қымбатшылықтың себебіне үңіліп көрді.

Фото: yandex.kz

Баға неге тұрақтанбай тұр? 

Соңғы жылдары Алтай, Үлкен Нарын аудандарының тұрғындары көкөніс бағасының қымбаттағанын айтып келеді. Туристер ағылатын Риддер қаласында да осындай жағдай.

– Базардан көбінесе ет өнімдерін аламын. Балаларым балықты да жақсы көреді. Бірақ сөрелердегі бағаға қарап, кейде қалтамыз көтермей қалатынын сеземіз. Арзандап жатқан өнім жоқ. Халық көп тұтынатын өнімдер қолжетімді болса жақсы еді, – дейді риддерлік Әли Кенжебай.

Үлкен Нарын ауданының тұрғыны Тимур Мұратбек шілденің басында өткен Катонқарағайдағы «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалін мысал етті. Оның айтуынша, жан-жақтан келетін мейман саны көп болғанда кәсіпкерлер бағаны тым өсіріп жіберген.

– Онсыз да қымбаттап тұрған баға осындай ауқымды шаралар өткенде тіптен аспандап кетеді, – дейді ол. 

Облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Аңсат өңірде бағаны бақылау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды айтып берді. Тиісті мониторингтер кезінде баға өсімі байқалған. 

– 2019 жылдан бастап бағаны тұрақтандыру бағдарламасына 4,5 млрд теңге көлемінде бюджет қаражаты бөлінді. Бұл қаржы жеткізушілерге берілетін қарыздар арқылы айналымда пайдаланылады. Комиссия шешіміне сәйкес, өткен жылдың мамыр айынан бастап күріш, қант, салмақпен сатылатын макарон, күнбағыс майы, қарақұмық жармасы, тұз және көкөністер (картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат), ал 2025 жылдың қазан айынан бастап ет бойынша бағаны тұрақтандыру шаралары қолға алынды, – дейді Исатай Аңсат. 

Оның айтуынша, аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз және үстеме бағасыз тікелей сатуға арналған жәрмеңкелер тұрақты өткізіліп тұрады. Жыл басталғалы осындай 300-ге жуық жәрмеңке ұйымдастырылған. Өңір тұрғындары жалпы сомасы 1,4 млрд теңгеге жуықтайтын өнімдер сатып алған.

– Шілде айының ортасындағы мониторинг деректеріне сәйкес, Үлкен Нарын ауданы барлық дерлік санат бойынша бағалардың ең жоғары деңгейін көрсетті. Риддер қаласында да бағалардың жоғарылауы байқалады, әсіресе көкөністер, ет өнімдері және балықты айтуға болады. Кейбір айтарлықтай ауытқуларды есепке алсақ, Шемонаиха ауданы орташа деңгейден жоғары, – дейді басқарма басшысы.

Көкөніс қымбаттап кеткен

Алтай мен Күршім аудандарындағы жалпы жағдай тұрақты. Ал азық-түліктің ең төмен бағасы Зайсан, Ұлан және Самар аудандарында байқалған. Исатай Аңсат орташа көрсеткішпен салыстырғанда, өңірде бағадағы ең елеулі айырмашылықтар үш ауданда байқалатынын жеткізді. Оның ішінде Үлкен Нарын ауданында алты негізгі тауар түрі бойынша бағаның жоғарылағаны тіркелген. Атап айтсақ, қара шай – 4863 теңге, қаймақ – 2326 теңге, қияр – 676 теңге, қарақұмық жармасы – 394 теңге, күріш –543 теңге, сүзбе – 2214 теңге.

Риддер қаласы – көкөністер мен ет ең қымбат бағамен сатылатын қала. Одан бөлек, ол жақта қызанақтың бір келісі 1 350 теңгеден саудаланып жатыр. Алтай ауданында қиярдың орташа бағасы – 678 теңге, қызанақтың орташа бағасы – 815 теңге.

– Ең қымбат рожки Марқакөл ауданында сатылады (745 теңге). Қырыққабат Шемонаиха ауданында қымбат, бір келісі – 320 теңге. Сосын қияр бойынша Тарбағатай (820 теңге) ауданында баға айтарлықтай жоғары, – дейді Исатай Аңсат.

Әкімдер мәселені қалай шешпек?

Басқарма басшысы өз сөзінде Алтай, Үлкен Нарын аудандары және Риддер қаласы әкімдіктеріне делдалдар санын барынша азайту мақсатында Өскемендегі көтерме сауда кәсіпкерлерімен өзара іс-қимыл жасауға шақырды. Сондай-ақ барлық ауданға сауда үстемелеріне бақылауды күшейту жөніндегі жұмысты жандандыруды орынды деп санайтынын айтты. Ал бұған қатысты аудан басшылары не дейтінін сұрап көрдік. 

– Иә, бізде әлеуметтік маңызы бар төрт өнімнің бағасы жоғары. Соның бірі – сәбіз. Бірақ оның бағасы қазір түсті, 330 теңгеден сатылып жатыр. Ет пен балық өнімдерінің бағасы қымбат болып тұр. Бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Көршілес аудандардан кәсіпкерлер шақырып, жәрмеңкелер ұйымдастырып, бағаны тұрақтандырамыз ба деп отырмыз. Ал қызанақты «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі үш дүңгіршекті орнату арқылы реттеуге ниеттіміз. Қалаға басқа да ықпалды кәсіпкерлерді шақырамыз, – дейді Риддер қаласы әкімінің орынбасары Қаныбек Төлеухан.

Үлкен Нарын ауданының әкімі Елдос Байрахметов шілде айындағы мониторингтегі баға өсімін ауқымды фестивальмен байланыстырды. 

– «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі кезінде баға көтерілген. Салық органымен бірлесе, тиісті топтарды іске қостық. Қай жерде қандай баға тіркеліп жатқанын қадағалап, реттейміз, – дейді Елдос Байрахметов.

Ал Шемонаиха ауданының басшысы Ержан Шурманов жылқы еті, қырыққабат және сүзбе бағасы қымбаттап тұрғанын растады.

– Қырыққабат бойынша айтарым, істің мән-жайын анықтадық. Кейбірі былтырғы өнімнің бағасын түсірмепті. Қазіргі өнім бойынша бірізділік байқалып келеді. Мониторингтік топ мүшелерімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Жылқы еті бойынша екі шаруа қожалығымен сөйлестік. Жуықта жәрмеңке өткіземіз. Облысқа ортақ баға бізде де орнайды деп сенемін.

Сүзбе бойынша өзіміздің өндірушілермен сөйлесіп, шешімін тауып келеміз. Баға облыстағы орташа көрсеткіштен аспауы тиіс, – дейді ол.

Сондай-ақ Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев қымбатшылықты тізгіндеу үшін не істеліп жатқанын айтып берді.

– Аудан бойынша 17 әлеуметтік бөлімше бар. Бізде қияр мен қызанақ қымбаттап тұр. Бұл әсіресе маусым айында ерекше байқалды. Себебі, жекеменшік шаруашылықтарда көкөніс енді-енді пісіп жатыр. Қазір олар біртіндеп сауданы қыздырып келеді. Енді баға түсе бастайды, – дейді ол.

P/S: Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында өңірде түрлі шаралар қолға алынғанымен, тұрғындардың күнделікті өмірінде оның әсері әлі толық сезілмей отыр. Бағаның көтерілуіне маусымдық факторлар, делдалдар, логистикалық шығындар және сұраныстың артуы ықпал ететіні айтылғанымен, халық үшін ең маңыздысы – сөрелердегі нақты бағаның қолжетімді болуы. Сондықтан олар қымбатшылықтың қарқыны бәсеңдей ме деп күтеді.

Еске салсақ, осыған дейін Қызылордада тауар бағасын дұрыс рәсімдемеген 42 сауда орнына айыппұл салынғаны хабарланған