ШҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде облыста 46 әлеуметтік сауда орны жұмыс істейді. Оның 21-і — әлеуметтік павильон, 25-і — серіктес дүкен. Алдағы кезеңде әлеуметтік шағын маркеттер ашу жоспарланып отыр.
— Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында тұрақты мониторинг жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері заң талаптарын бұзған кәсіпкерлерге қатысты 81 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 1 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бүгінгі таңда аймақ тұрғындары қант, күнбағыс майы, қарақұмық, күріш, макарон өнімдері, тұз, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат және сиыр етін қоса алғанда, әлеуметтік маңызы бар 11 өнімді қолжетімді бағамен сатып алып жатыр, — дейді басқарма басшысы Исатай Аңсат.
Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей өндірушіден тұтынушыға жеткізуге бағытталған жәрмеңкелер ұйымдастырылып келеді. Биыл 300-ге жуық жәрмеңке өтіп, тұрғындар жалпы сомасы 1,4 млрд теңгеге жергілікті өнімдерді сатып алған.
Еске салайық, осыған дейін БҚО-да 90-нан астам кәсіпкердің сауда бағасын асырып сатқаны белгілі болғаны еді.