ШҚО-да азық-түлік бағасын бақылайтын 46 мониторинг тобы құрылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын бақылайтын 46 мониторинг тобы құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясы ШҚОФ жанындағы қоғамдық кеңес мүшелері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселелерін талқылады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партия мүшелерінің алдына жаңа міндеттер қойды. Президент өңірлердегі өзекті әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге партия мүшелерінің қатысуын күшейту қажеттігін мәлімдеді. Бүгінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру – осындай мәселелердің бірі болып отыр. Біздің басты міндетіміз – осы өнімдерге бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу», - деді филиал төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков.

Оның айтуынша, ең әуелі мониторинг топтары құрып, тексерулерді күшейту қажет.

«Осындай топтарға партия мүшелерінен бөлек, қызығушылық танытқан азаматтар тартылады. Рейд жұмыстары апта сайын жүргізіледі. Бүгінгі таңда облыстағы сауда нысандарын аралайтын 46 мониторинг тобы құрылды», - деді О.Чугунков.