ШҚО-да балалар лагерьлерінде қауіпсіздік шаралары тексеріліп жатыр

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында есепке алынған балалар лагерьлерінде қауіпсіздік шаралары тексеріліп жатыр. Өңірлік ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихатында Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері жаз кезінде халық қауіпсіздігі үшін атқарылатын жұмыстар жайлы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыс бойынша балаларға арналған 19 лагерь есепке алынған. Осы уақытқа дейін 14 лагерьге тексеру жүргізілді. Лагерь басшыларына объектілерде өрт қауіпсіздігі талаптарының қатаң сақталуы қажеттігі түсіндірілді. Орман алқаптарында немесе оларға тікелей жақын орналасқан балалардың жазғы демалыс орындарының аумағы жанғыш қалдықтардан, қоқыстардан, құрғақ шөптерден тазартылуы керек», - дейді департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Нұржан Өміржанов.

ШҚО ТЖД бастығы орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Руслан Орынбеков су маңындағы демалыс базалары иелерінің қауіпсіздік ережелерінен аттамауы керектігін жеткізді. Яғни, халықтың рұқсат етілмеген жерлерде шомылуына жол берілмеуі тиіс.

«Өткен жылы шомылу маусымында Шығыс Қазақстан облысында 7 адам суға батып кетті. Барлық жазатайым оқиға жабдықталмаған су айдындарында болған. Департамент қызметкерлері 14 адамды құтқарды, оның ішінде 2 бала бар. Облыс әкімдігінің қаулысымен биыл шомылуға болатын 14 учаске бекітілді. Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жағалауларды патрульдеу үшін Бұқтырма су қоймасында мобильді және жылжымалы бекеттер жұмыс істейді. Сондай-ақ су айдындарында құтқарушылар қауіпсіздікті бақылайды. Бүгінде бұл мақсатта қосымша 23 құтқарушы оқытылды», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар