Прокуратура қызметкерлері жүргізген тексеру барысында жеке оқу жоспарларына міндетті пәндердің енгізілмегені, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның ұсынымдары орындалмағаны анықталды.
Сонымен қатар сабақ өткізуге тиісті арнайы даярлығы жоқ педагогтер тартылған.
Бұдан бөлек, іс жүзінде өткізілмеген сабақтар үшін мұғалімдерге заңсыз ақы төлеу фактілері де анықталды.
— Тексеру барысында балалардың сапалы білім алуға деген құқықтарының өрескел бұзылғаны анықталды. Прокурорлық ден қою шаралары қабылданып, балалардың құқықтары қалпына келтірілді, — деп хабарлады ШҚО прокуратурасынан.
Прокуратураның араласуынан кейін 4 мектептің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал 8 педагог негізсіз алған қаражатын бюджетке қайтарды.
Қадағалау органының қызметкерлері кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және білім беру сапасын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін СҚО-да мектеп мұғалімдерін ақша жинауға мәжбүрлегені хабарланған.