ШҚО-да балық тиеген көлік жүргізушісі полициядан қашпақ болды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында заңсыз балық аулағандар ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі аймақтағы ІІД-інің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстың табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері құжаттарын тексеру мақсатында шағын автобусты тоқтатқан. Алайда «ГАЗель» жүргізушісі талапқа бағынбай, полициядан қашып кетпек болған. Бірақ ісі нәтижесіз аяқталып.

Көліктен құжаттары жоқ 900 келіден астам ақтабан балығы және осынша көлемдегі торта балықтары табылды. 

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-інің 335-бабы 1-бөлігі (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз аулау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.