Бүгін облыс әкімдігінде өткен жиналыста жаңа оқу жылына дайындық мәселесі талқыланды.
ШҚО білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышеваның айтуынша, өңірдегі бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру үшін 1,7 млрд теңге бөлінеді.
«Шығыс Қазақстан бойынша жаңа оқу жылында 98 мыңнан астам оқушы білім алмақ. Қазір 11 мектеп салынуда. 77 мектепке күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. 39 мектепте жылыту жүйесі жөндеуден өтуде. Облыста ерекше білім беруді қажет ететін 10 896 оқушы бар», - деді ол.
ШҚО әкімі Ермек Көшербаев Астанадағы қайғылы жағдайға байланысты әкімдерге мектептердегі ойын алаңдарын мұқият тексеріп, тоқсан сайын қадағалау қажеттігін жеткізді.
«Мектептегі жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан өзге облыстардан келген мердігерлердің жұмыстарына қатысты сын көп айтылуда. Біздің аймақта да бұл жұмысты ойдағыдай атқара алатын компаниялар жеткілікті. Сондай-ақ білім ордаларының спорт инвентарі және басқа да жабдықтармен қамтылуын тексеріп, асханалар жұмысын бақылау қажет. Риддердегі мәселені де ерекше назарда ұстауға тиіспіз», – деді әкім.
Еске салсақ, осыған дейін Риддердегі қазақ тілді «Шаңырақ» гимназиясының ата-аналары мектептің апатты жағдайда тұрғанын айтып, жаңа білім ордасын сұраған болатын.