ШҚО-да «Бәйтерек девелопмент» қаражаты есебінен 2017 жылы 10 үй салынады

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Өскеменде тұрғын үйді «Бәйтерек девелопмент» АҚ мен «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы салу мәселелерін талқылады.

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің айтуынша, «баспана құрылысы мәселесі өте маңызды».

Облыс әкімдігі «Бәйтерек девелопмент» АҚ мен «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ қаражатын тұрғын үй құрылысына тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Бүгінде 71 мың тұрғын «Қазақстан Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-ның салымшылары болып табылады, 6800 салымшы тұрғын жағдайын жақсартуға дайын және несиелендіру үшін қаражаты жеткілікті.

«Бәйтерек девелопмент» АҚ қаражатының есебінен 10 үйдің құрылысы басталып, олар 2017 жылы пайдалануға берілмек. Сонымен бірге «Бәйтерек девелопмент» АҚ-ға тағы 9 үйді салуға қаржы ресурстарын бөлу үшін өтінімдер берілді.

Баспана құрылысына қаражат бөлу үшін сондай-ақ Қазақстан ипотекалық компаниясымен жұмыс жүргізіліп келеді. Бүгінде «ҚИК» АҚ-да жалпы сомасы 20 544,7 млн. теңге, жалпы аумағы 140,3 мың шаршы метр немесе 2407 пәтерді құрайтын 20 үйдің құрылысын қаржыландыру үшін өтінім берілген. «ҚИК» АҚ жалпы бағасы 4 493,89 млн. теңгені құраған, ауданы 31,662 мың шаршы метр немесе 531 пәтерден тұратын 3 үйдің құрылысын іске асыруда. Бір үй Өскеменде, тағы екеуі Семейде салынады.

Аймақ басшысы «Бәйтерек» басшылығын «ҚИК» АҚ-мен проблемалық  мәселелерді шешуде көмек көрсетуді сұрады. «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаев барлық өтінімдер мұқият қарастырылатынына уәде берді.