Бүгін ШҚО ІІД «102» арнасына Өскемен мемлекеттік колледжі өкілінен хабарлама түсті. Педагог сағат 14.00-де ғимараттардың бірінде көзді жасаурататын газ шашылғанын айтқан. Ащы зат уытының әсерінен 10 студент зардап шеккен. Олар 1-ші қалалық ауруханаға жеткізілді.
Токсиколог дәрігердің тексеруінен кейін барлық студенттер ауруханаға жатудан бас тарып, үйлеріне қайтты. Жастардың жағдайы қалыпты деп бағалануда. Студенттерге «тітіркендіргіш заттан уланған» деген диагноз қойылды. Өскемен ІІБ «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Прокуратура тергеу барысын ерекше бақылауға алды.