ШҚО-да биыл 14 адам кене энцефалитін жұқтырды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында көктем шыққалы бері 3 887 адамды кене шаққан.

Фото: Pexels

ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, кенеден зардап шеккендердің төрттен бірі — балалар.

— 14 жасқа дейінгі 1 146 баланы кене шаққан. Қала, аудандардың ішінде Өскемен тұрғындары медициналық көмекке ең көп жүгінген. Онда 1 837 адам, яғни жалпы көрсеткіштің жартысына жуығы кенеден зардап шекті. Ең аз көрсеткіш тіркелген — Ұлан ауданы. Мұнда бар болғаны 11 жағдай анықталған, — делінген ақпаратта.

Жыл басынан бері өңірдің эндемиялық аумақтарында кене энцефалитінің 14 жағдайы және иксодты кене боррелиозының, яғни Лайм ауруының 10 жағдайы зертханалық жолмен расталды.

— Кене энцефалитінің таралу географиясы айтарлықтай кең. Ауру жағдайлары Өскемен мен Риддер қалаларында, Алтай, Үлкен Нарын, Зайсан, Шемонаиха және Катонқарағай аудандарында тіркелген. Кене боррелиозы Өскемен, Риддер қалаларында, Алтай және Зайсан аудандарында анықталды, — делінген хабарламада.

Ауруға шалдыққандардың арасында балалар да бар. Кене энцефалиті 10 жастағы бала мен 16 жастағы жасөспірімнен зертханалық жолмен расталған.

Еске салсақ, осыған дейін СҚО-да биыл жеті адам кене энцефалитін жұқтырғаны хабарланған.