ШҚО-да биыл 36 адам бруцеллез жұқтырды

Фото: pixabay

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 36 адам бруцеллез жұқтырды.

ШҚО ветеринария басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл өңір бойынша 1120 ірі қара бруцеллезбен ауырды.

— Жыл сайын бруцеллезбен ауырған мал саны азайып келеді. Мәселен, осыдан 3 жыл бұрын 2374 ірі қара осы ауруға шалдыққан болатын. Бұл вакцина салдыру жұмыстары күшейтілгенінің нәтижесі. Ол мал мен адамды 80%-ға қорғайды, — дейді басқарма басшысы Рамиль Сағындықов.

Алайда адамдар арасында бруцеллез жұқтырғандар азаймай тұр. Биыл осындай 36 адам тіркелді. 

— Күршім, Глубокое мен Үлкен Нарын аудандарында ауырғандар санының өскені байқалып отыр. Барлық науқас емделіп шықты. Өлім-жітім болған жоқ, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Жігітаев.

Еске салсақ, осыған дейін Павлодарда жыл басынан бері 32 адам бруцеллез ауруын жұқтырғаны хабарланған.