ШҚО-да биыл 369 кәсіпкердің құқығы қорғалды

Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 369 кәсіпкердің құқығы қорғалған. Бұл туралы өңір бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Денис Шакенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: ҚазАқпарат

- Биылдан бастап облыста кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында облыстық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Бизнеске жол» жобасы іске асырылуда. Бірінші кезеңде кәсіпкерлердің мәселелерін мұқият зерделеуге және оларды толық шешілгенге дейін сүйемелдеуге баса назар аударылған. Сол уақыттан бері 30-дан астам бизнеске қатысты нақты проблемалық мәселе оң шешіліп, өңірдегі 369 кәсіпкердің құқығы қорғалды, - деді ол.

Көп жағдайда қиындықтар жер қатынастары саласында және инфрақұрылым объектілеріне қосылу барысында туындайды.

«Мысалы, Алтай қаласында кәсіпкер бір жылдан астам уақыт бойы қала әкімдігінің жер учаскесін аукционға қоюына қол жеткізе алмаған. Ол сол жерге дүкен салғысы келген. Департаменттің араласуынан кейін жерге орналастыру жобасы бекітіліп, жер учаскесі аукционға қойылды. Осылайша, кәсіпкер 10 млн теңгеге сол жер учаскесін сатып алды», - дейді Денис Шакенов.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Өскемен қаласындағы мектептердің бірінде математика пәнінің мұғаліміне 100 млн теңгеден астам жалақы негізсіз төленбек болғанын анықтағаны жайлы хабарлаған едік.