ШҚО-да биыл балық аулап жүрген 6 адам суға батып кетті

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері балық аулау кезінде алты адам суға батып көз жұмды.

Фото: Pexels

Қайғылы жағдайлар Шемонаиха, Тарбағатай, Күршім аудандарында және Өскемен қаласының маңында тіркелген.

Күздің басталуымен ауа райы жиі құбылып, су температурасының төмендеуіне байланысты судағы жазатайым оқиғалардың қаупі де арта түсті.

— Көбінесе адамдар судағы қарапайым қауіпсіздік талаптарын елемей жатады. Жиі жіберілетін қателіктің бірі — құтқару кеудешесін «тек бар болсын» деген ниетпен алып, оны қайықтың түбінде ұстау. Ал кеудеше суға шыққан сәттен бастап жағаға оралғанға дейін адамның үстінде болуы керек. Қайықтың ескірген немесе шамадан тыс жүктелген күйде, әсіресе дауылды ауа райында суға шығуы қайғылы жағдайға әкеліп соғуы мүмкін, — деп хабарлады ШҚО ТЖД.

Қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында құтқарушылар полиция қызметкерлері және еріктілермен бірлесіп, өзен-көлдердегі рейдтік шараларды күшейтті.

Қайықпен балық аулайтын азаматтарға қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңыздылығы ескертіліп жатыр. 

Еске салсақ, осыған дейін Каспийде үш адам мінген қайық теңізге ағып кеткені хабарланған.