ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алаяқтар көбіне телефон қоңыраулары, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдаланады. Өздерін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды «қауіпсіз шоттарға» ақша аударуға, SMS-кодтар мен құпиясөздерді айтуға көндіреді. Сондай-ақ жалған инвестициялық жобалар мен фишингтік сілтемелер арқылы да алдайды.
— Зардап шеккендердің 32,5 пайызы — жалдамалы қызметкерлер, 25 пайызы — өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 19 пайызы — зейнеткерлер. Биыл банк карталары мен шоттарын заңсыз ақша аударымдарына пайдалануға берген 24 адам жауапқа тартылды. Олардың есепшоттары арқылы 13 млн теңгеден астам қаражат өткен. Қылмыстық кодекстің 232-1-бабында бұл әрекет үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, — делінген ақпаратта.
Жыл басынан бері Telegram арқылы жасалған 300-ге жуық қылмыс тіркелді. Қазақстан мен Украина Ішкі істер министрліктерінің бірлескен операциясы барысында Украина аумағында қазақстандықтарға қоңырау шалып, алаяқтық жасаған колл-орталықтардың ұйымдастырушылары ұсталды. Шығыс Қазақстанда олардың әрекетінен зардап шеккен алты адам анықталған. Қазір тергеу жалғасып жатыр.
— Өңірде киберқылмыстың алдын алу шаралары күшейтілді. ІІМ-нің 2026-2028 жылдарға арналған бағдарламасы аясында төрт республикалық жедел-профилактикалық іс-шара өткізіліп, 86 қылмыс ашылды. Жәбірленушілерге 36 млн теңге қайтарылды, — делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-дағы алтын кен орнына қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқаны хабарланған.