ШҚО-да биыл малдың жолға шығып кетуі салдарынан 11 жол апаты болды

Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында малдың жолға шығып кетуінен болған жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне байланысты республикалық маңыздағы тасжолдарда қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Жыл басынан бері өңірде малдың жолға шығуы салдарынан 11 жол апаты тіркеліп, соның салдарынан 15 адам зардап шеккен. Апаттардың алдын алу мақсатында енді көлік көп жүретін республикалық жолдардың бойына темір торлы қоршаулар орнатылып жатыр. 

Аталған жұмыстар ең әуелі Ұлан, Самар және Тарбағатай аудандарында қолға алынды. Себебі осы жерлерде оқыс оқиғалар ең жиі тіркеледі. Жоспарға сәйкес, жалпы ұзындығы 20 шақырымнан астам қоршау қойылмақ.

- Қоршау орнатылатын учаскелер соңғы жылдардағы жол апаттарының талдауы негізінде таңдалды. Бұл маңдарда шаруа қожалықтары орналасқан, - деqді «Қазсервис» ЖШС ШҚО филиалының қауіпсіздік бөлімінің маманы Еркін Итчанов.

Оның айтуынша, мердігер ұйымдар қожалық иелеріне малды жайылымға айдау кезінде кедергі болмас үшін жылжымалы секциялар орнату мүмкіндігін де қарастырып жатыр. 

Жергілікті тұрғындар бастаманы қолдап отыр. Ұлан ауданындағы шаруалардың бірі былтыр жолға қой шығып кеткеннен кейін, зардап шеккендерге өтемақы төлеуге мәжбүр болғанын айтты.

- Малдың жолға шығып кеткенін біз де қаламаймыз. Соның салдарынан малдың да, адамның да өміріне қауіп төнеді. Қоршау қойылса, мұндай жағдайлар азаяр еді, - дейді Ұлан ауданындағы кәсіпкерлердің бірі. 

Оған қоса, жол қызметтері мен полицейлер мал иелеріне жарық шағылыстыратын ленталар таратып жатыр. Бұл ленталар малға тағылып, жүргізушілерге малды алыстан көруге мүмкіндік береді.

ШҚО бойынша «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалының мәліметінше, биыл өңірде 23 шақырым қоршау және 9 шақырымға жуық қарды тоқтататын қалқан орнатылады. 

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да қайықтан құлап кеткен адамның денесі табылғаны хабарланған