ШҚО-да биыл жазда 23 жағажай жұмыс істейді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында шомылу маусымына орай су жағасындағы 23 ресми демалыс аймағы дайындалып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Фото: ШҚО Ақпарат орталығы

Қазір құтқарушылар су түбін тексеріп, жағажайларды қарап шығып, қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр. Мыңға жуық көлі мен 800-ден астам өзені бар өңір үшін жаз мезгілінде қауіпсіз демалысты ұйымдастыру ең күрделі міндеттердің бірі саналады. Әсіресе жыл сайын су жағасында демалушылар санының артуы жағдайды қиындатып отыр.

Биыл ресми шомылу орындары облыстың барлық дерлік ауданында ашылады. Ең көп жағажай Ұлан ауданында болады. Мұнда бірден сегіз учаске дайындалады.

– Облыс әкімдігі қаулысына сәйкес өңірде су айдындарында жаппай демалу, туризм және спорт үшін 23 учаске белгіленді. Өскеменде үш ресми жағажай болады, Ұлан ауданында – 8, Самар және Күршім аудандарында – екеуден, қалған аудандарда бір-бірден болады, – деді ШҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Эльдар Шаймарданов.

Облыс орталығында Левобережье саябағында, «Самал» саябағында және Бейрудалық емес материалдар комбинаты ауданында ресми жағажайлар жұмыс істейді. Қазір онда маусымның ашылуына дайындық аяқталып жатыр.

Жұмыс басталар алдында барлық демалыс аймақтары міндетті тексерістен өтеді. Мамандар су түбін зерттеп, құтқару бекеттерінің, буйлардың, медициналық пункіттердің және ескерту белгілерінің бар-жоғын тексереді.

– Қазіргі таңда ТЖД-ға нысандардың түбін тексеру үшін сүңгуірлік жұмыстар жүргізуге 16 өтінім келіп түсті. Тексеру аяқталғаннан кейін ғана дайындық актісі беріледі, – деп атап өтті ведомствода.

Биыл балалар қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып отыр. Құтқарушылардың айтуынша, жабдықталған жағажайдың өзі ересектер қырағылық танытпаса, қауіптің алдын толық ала алмайды.

– Ата-аналар балаларын бір минутқа да қараусыз қалдырмауы керек. Су үстіндегі қайғылы оқиғалардың басым бөлігі ересектердің салғырттығынан болады, – деп ескертті ШҚО ТЖД өкілдері.

Жағажайлардағы тәртіпті тек құтқарушылар ғана бақыламайды. Рейдтерге полиция қызметкерлері, волонтерлер, әкімдік өкілдері және ТЖМ әскери қызметшілері де қатысады.

Құтқарушылардың айтуынша, жабдықталмаған жерлерде шомылу әлі де оқыс оқиғалардың басты себебі болып отыр. Әсіресе ағысы қатты әрі тереңдігі күрт өзгеретін өзен учаскелері аса қауіпті.

Айта кетейік, бұған дейін Өскемендегі «Көгілдір көлдер» жағажайы жаз маусымына дейін ашылмауы мүмкін екенін жаздық.