ШҚО-да бір центнер балықты заңсыз аулаған браконьер 400 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 100 келіден астам балықты заңсыз аулаған браконьер 400 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО бойынша ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Күршім ауданының тұрғыны Зайсан көлінде заңсыз балық аулаған.

Ол 2 ау құрып, жалпы салмағы 104 келі, атап айтқанда 35 келі көксерке мен 69 келі табан балығын аулады. Сөйтіп оған қатысты КР ҚК-нің 335-бабы 1-бөлігінің 1-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары аяқталған соң іс сотқа жетті.

«Сот шешімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, балық аулау қызметімен айналысу құқығынан 1 жыл мерзімге айырыла отырып, 400 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды. Қазіргі уақытта аталған азамат Күршім аудандық №1 пробация қызметінің есебіне алынып, үкім бойынша тағайындалған қоғамдық жұмысын атқаруда», - делінген ақпаратта.

Ер адам бекітілген аймақта тазалық жұмыстарымен айналысып, көше сыпыруда.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде спиртті аса ірі көлемде заңсыз жеткізумен айналысқан топтың жолы кесілгені хабарланған.