ШҚО-да бір күнде 10-нан астам мал ұрлығы тіркелген

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанда мал ұрлығының жолын кесуге бағытталған жедел топтар құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда «Мар ұрлаушы» деп аталатын жедел алдын алу шаралары жүргізілуде. Осы шара аясында мал тасымалын бақылайтын 49 жедел топ, ет тасымалын қадағалайтын 40 топ бүкіл облыс бойынша мал ұрлығының жолын кесетін болады. Шараның алғашқы күнінде-ақ 10-нан астам ұрлықтың беті ашылған.

«Жарма, Көкпекті, Бесқарағай, Глубокое аудандары мен Семей қаласында 9 ұрлық оқиғасы тіркелді. Ал Тарбағатай ауданында екі сиыр өрісте жүрген жерінен пышаққа ілінген. Мал иесі шығынды 500 мың теңгеге бағалап отыр. Өскемен қаласында екі ұры қолға түсті. Олар малды табынның сыртынан аңдып, қас қарая иесіз қалғандарын ұрлағандарын мойындады. Кейін екі жігіттің мамыр-маусым айларында орын алған 4 ұрлыққа қатысы бар екені анықталды. Қазір оларға қатысты қылмыстық іс қозғалған» - делінген облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.