ШҚО-да бір күнде 100 мектеп бітіру кеші өтті: Ешкім тәртіп бұзған жоқ
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір бойынша осы аптада екі мыңнан астам оқушы мектеп бітіргендерін атап өтіп, кеш ұйымдастырып жатыр.
Сол кештерде қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін полицейлер күшейтілген жұмыс режиміне көшті.
«Полиция нарядтарының тығыздығы ұлғайтылды, олардың маршруттары кеш өткізілетін орындарға барынша жақын қойылды. Қалаларда жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары да іске қосылды. Тек 20 маусымда облыста 100 мектеп бітіру кеші өтті. Соның барысында қоғамдық тәртіпті бұзғандар тіркелген жоқ», - делінген ақпаратта.
Осы ретте Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті ұстаздарға, ата-аналарға, кәмелетке толмағандардың басқа да заңды өкілдеріне және түлектерге мерекелік кештер барысында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін еске салады.