Төлеуғали Әбдібеков 1916 жылы Жарма ауданында дүниеге келген. Жастайынан аңшылығымен аты шыққан ол 1942 жылы майданға араласады. Сол жылдың өзінде-ақ оның 219 жау әскерін оққа байлағаны туралы тарихи дерек 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының әскери есебінде сақталған. 1944 жылдың 22 ақпанында ол соңғы рет атысқа араласады. Қарсы жақтың мергенімен ұзақ аңдысу кезінде бірінші болып оққа ілінеді. Қайсар ер жаралы күйінде қарсыласына оқ атып, дәл тигізеді. Қос мерген осылайша бір-біріне ажал құштырған. Қазақ мергені туралы сол кезде майдан газеттері жарыса жазды. Тіпті бір күнде 122 жау әскерін жайратқаны туралы ақпарат суретімен бірге берілген. Сөйткен батыр өзіне лайық құрметке бөленбеді. Одақ батыры, «Халық қаһарманы» сияқты атақтар мергенге бұйырмады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жармалық жерлестері батырдың ескерткішін аудан орталығы Қалбатау ауылына орнатпақшы. Ол үшін жергілікті кәсіпкерлер 5,5 млн теңге бөлуге дайын.
«Ескерткіштің биіктігі мен қандай материалдан дайындалатыны әлі белгісіз. Күзге дейін Қалбатаудың Достық көшесіне орнатсақ деген жоспар бар. Батырдың атқан оғы қиыс кетпеген мерген болғанын көнекөздер бертінге дейін айтып отыратын. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 397 жау әскерін өлтірсе де, лайықты құрмет көрсетілмеді. Кейін де аты кітаптарға енгені болмаса, ресми атақ берілген жоқ. Енді тым болмаса, туған жерінде еңселі ескерткіші тұру керек деген ұсыныс айтылды. Оны жергілікті кәсіпкерлер де қолдап әкетті» - дейді аудан әкімінің орынбасары Айдар Ибраев.