ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 33 жастағы Павлодар облысының тұрғыны Өскемен қаласындағы танысының үйіне қонаққа келген. Ер адам жергілікті базардың бірінен тауар алып жүрген кәсіпкер ерлі-зайыптыны байқап қалады. Олардың соңынан аңдып, Глубокое ауданындағы үйлеріне анықтап алған.
«Өз әрекетін бүге-шүгесіне дейін жоспарлаған ер адам ерлі-зайыпты үйден шығып кеткен соң есіктің құлпын бұзып, ішке кірген. Бөлмелерді тіміскілеп, 1,6 млн теңгеге бағаланған алтын бұйым мен құндыз тонды ұрлайды. Сондай-ақ ол қару-жарақ сейфінен 12 калибрлі «ИЖ-27» және «ИЖ-54» мылтығын жымқырып кеткен», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Тәртіп сақшылары күдіктіні көп ұзамай қолға түсірді. Өз кінәсін толықтай мойындаған павлодарлық уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 291-бабы1-бөлігі және 188-бабы 1-бөлігінің 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалы жүргізіліп жатыр.