Өңірде соңғы 3 жылда медицина қызметкерлерін республикалық және шетелдік клиникаларда оқытудың үш деңгейлі бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. 2019 жылға дейін 276 дәрігер Англия, Литва, Израиль, Польшадағы жетекші клиникаларда біліктіліктерін арттырған.
Алайда коронавирус пандемиясы басталғалы бері өткен жылы тек 5 маман ғана Түркияда іс-тәжірибеден өтті. Бұл жайлы ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Омарбеков онлайн форматта өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
«Сонымен қатар былтыр ақ халаттылар үшін әлемдік деңгейдегі жетекші мамандардың қатысуымен 5 шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Шеберлік сағатына 100 медицина қызметкері қатысқан. Осы жылы да дәрігерлерді шетелдік клиникаларға жіберу көзделіп отыр. Жоспар бойынша 53 акушер-гинеколог және онколог мамандар біліктіліктерін арттырады», - деді ол.
Қазіргі таңда іс-тәжірибеден өтетіндердің тізімі жасалған. Дәрігерлер тіл үйренуді бастап кетті.