ШҚО-да биыл 6 мыңға жуық пәтер пайдалануға берілмек

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 2021 жылы алты мыңға жуық пәтер пайдалануға беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің Instagram желісіндегі жеке парақшасында жазды.

«2021 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен жалпы ауданы 1 057 800 шаршы метрді құрайтын 8 736 пәтер салу жоспарлануда. Оның ішінде биыл 5 975 пәтерді пайдалануға беру көзделіп отыр. Атап айтқанда, 56 көппәтерлі, 10 бірқабатты, сондай-ақ жеке инвесторлар есебінен 216 жалға берілетін және 225 кредиттік жеке тұрғын үй бой көтереді», - деді ол.

Бүгінгі таңда Өскемен әкімдігі тарапынан жеке инвесторларға жер телімдері берілді. 28-ші шағынаудан аумағында 8 үйде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, қалғандары бойынша дайындық жүргізілуде.

«Осы ретте, қала әкімі Жақсылық Омарға аптасына бір рет жеке құрылыс мекеме өкілдерімен кездесу өткізуді тапсырдым. Қазіргі уақытта өңір жұртшылығы арасында баспанаға үлкен сұраныс бар. Сондықтан біз барлық коммерциялық компанияларды жұмысқа тартуымыз қажет. Әрі келесі жылы облыс орталығында коммерциялық тұрғын үй құрылысының көлемін екі есеге арттыруымыз керек», - деді Даниал Ахметов.

Бұдан бөлек, Аягөз ауданында әкімдік тарапынан жеке инвесторларға жер телімдері рәсімделіп, құрылыс-монтаждау жұмыстарына дайындық жүргізілуде.



Соңғы жаңалықтар