ШҚО-да биыл 8 млн ағаш отырғызылады – министр Сүлейменова

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Биыл Шығыс Қазақстан облысында 8 млн ағаш отырғызылады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ақпарат орталығында баспасөз мәслихатын өткізген Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова өңірдегі табиғат қорғау мақсатында атқарылып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Оның сөзінше, Қазақстанда 5 жыл ішінде 16 апатты су қоймасында реконструкция жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында 2 су қоймасы (Зайсан және Тарбағатай аудандарында) қалыпқа келтірілмек.

«Орман шаруашылығы саласына қатысты айтар болсақ, өңір бойынша 2 млрд ағаш отырғызылады. Соңғы екі жылда 1300 гектар аумаққа 6,1 млн ағаш егілген. Ал осы жылдың соңына дейін облыста 1500 гектар жерге 8 млн ағаш отырғызылады деп жоспарланып отыр», - дейді Зүлфия Сүлейменова.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында балық шаруашылығын дамыту бойынша бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. 7 жыл ішінде аймақта балық өсіру көлемін 9,7 мың тоннаға жеткізу көзделген. 2023 жылдың үш айында облыста 769 тонна тауарлық балық өсірілді.

фото - ШҚО ақпарат орталығынан